Тарас Шевченконың кітабы қазақ тілінде шығады

Бұл туралы бүгін Астанада Украинаның мәдени-ақпараттық орталығының ашылу салтанатында ҚР-дағы Украина істері бойынша уақытша сенімді өкілі Володымыр Джиджора айтты.
Айта кетсек, Украина елі өз тарихындағы тұңғыш Халықаралық істер бойынша бас хатшылығы - бірінші Сыртқы істер министрлігінің құрылуының 100 жылдығын атап өтіп жатыр.
Володымыр Джиджораның айтуына қарағанда, осыдан тура I ғасыр бұрын Владимир Винниченко мен Александр Шульгин Украина елінде тұңғыш Халықаралық істер бойынша бас хатшылығының құрылғаны туралы құжатқа қол қойған. ҚР-дағы Украина істері бойынша уақытша сенімді өкілі дипломаттардың кәсіби жұмысы дәл осы кезеңнен бастау алатынын айтады.
Атаулы күнге орай, Украина елшілігі Астанада Украинаның мәдени-ақпараттық орталығы ашып отыр .
«Осы орталық арқылы біз бүкіл Украина туралы қажетті ақпараттарды бере аламыз, тілшілер мен кәсіпкерлерге арнап жиын өткіземіз. Сонымен қатар, дәл осында туристік және инвестициялық мүмкіндіктер ашылар деген сеніміміз зор. Бұған қоса осында украин тілі, тарихы мен геограциясы оқытылады. Орталық таңертеңгі сағат 10:00 уақытынан кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейтін болады», - дейді ол.
Сенімді өкіл сонымен бірге, алдағы уақытта тың жобалар да барын атап өтті.
«Осы орталықтың базасында украин ақыны Тарас Шевченконың кітабын қазақ және украин тілдерінде жарыққа шығарғалы жатырмыз. Кітаптың тұсаукесері біздің бүгін жаңадан ашылған орталықта өтпек», - дейді Володымыр Джиджора.