Таратылған кейбір жеке діни бірлестіктер қызметін жалғастыруда - Дін істері агенттігінің төрағасы

АСТАНА. 15 мамыр. ҚазАқпарат - Қазіргі уақытта қайта тіркеу рәсімінен өтпеген діни бірлестіктерді таратудың заңды үрдісі аяқталып қалды.

Таратылған кейбір жеке діни бірлестіктер қызметін жалғастыруда - Дін істері агенттігінің төрағасы

Бүгінде 436 арыз бойынша 430 акті заңдық күшіне енді, қалған арыздар бойынша жұмыс жақын арада аяқталады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф мәлім етті.

«Белгіленген тәртіпте тіркеуден өткен діни бірлестіктер ғана діни қызметті жүзеге асыратынын атап өту қажет. Сонымен бірге, таратылған кейбір жеке діни бірлестіктер қабылданған сот шешімдеріне қарамастан, діни қызметін жүзеге асыруды жалғастыруда. Облыстардағы Дін істері департаменттері басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, түсіндіру жұмыстарымен қатар сот шешімдерін орындау бойынша нақты тәжірибелік шаралар өткізуде. Бұл үшін жергілікті жерде тарату комиссиясы жұмыс істейді»,-деді агенттік басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, Серебрянск қаласы мен Зырян ауданының Жаңа Бұқтырма ауылында қайта тіркеу рәсімі аяқталған соң таратылған «Зырян ауданының Жетінші күн адвентистері христиандарының шіркеуі» діни бірлестігі қызмет етуін жалғастырған.

«Сондай-ақ, тіркелмеген бірлестіктердің діни іс-шараларды өткізу фактілері де байқалды. Біз ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, қажет болған кезде заңнама аясында әкімшілік шаралар қолданылады»,-деп түйді Қайрат Лама Шариф.