«Тараз» фильмін түсіруді 5 рет тоқтатпақ болдым - Нұртас Адамбай
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Продюсер, актер, шоумен Нұртас Адамбай «Тараз» фильмін түсіру барысындағы қиындықтарымен бөлісті.
«Шынын айтқанда, «Тараз» фильмін түсіруге дайындық барысында жобаны тоқтатуға 5 рет әрекеттендім. Комедия түсіргеннен драма шығару айтарлықтай қиын екен. Мен, бұл жоба «Сабина келін» фильміндей нәтижелі болуы үшін үлкен тәуекелге бару қажеттігін терең ойладым. Сөйте тұра, кірісіп кеттік», - деп жазды ол Инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.
Продюсердің айтуынша, түсірілім барысында ол бұған дейін киномен шұғылданып көрмегендей сезімде болғанын айтты.
«Жаңалық көп болды. Қаржы шығыны күннен күнге өсіп бара жатқанын көріп отырдым. Біздің фильм бюджетіне сел құйылғандай болды, бірақ шегінуге болмайтын еді... Түсірілім тобы мен актерлердің ынтасын көріп, мен, фильм қалайда түсірілуі керек екенін ұқтым. Осыдан кейін пост-прадкшн уақыты сарылтты, монтаж, түсін өңдеу, әуен, дыбыс... Көп күш, көп қаржы (біз үшін бұл орасан зор ақша) жұмсалды. Бірақ, «Таразға» жанын салған топтың жұмылған жұдырықтай болғанын атап айтуға болады. Маған ақша үшін емес, адамдардың идея үшін біріккенін көру қуаныш болды», - дейді Н.Адамбай.
Режиссер «Тараз» фильмі Лос-Анджелестегі фестивальде 2-ші жүлделі орынға қол жеткізгенін естігенде, еңбектің зая кетпегенін түсінгенін айтады.
«Енді өз көрерменіміз біздің еңбекті бағалайды деп үміттенемін. Достар, киноға келіңіздер. Біз сіздер үшін еңбек еттік», - деп сөзін түйіндеді шоумен.
Еске сала кетейік, Нұртас Адамбайдың «Тараз» фильмі оның драма жанрындағы алғашқы кино картинасы. Аталған фильм АҚШ-тағы «Genre Celebration Film Festival» байқауында бірден екі номинация бойынша сыйлыққа ие болды.