«Тараз» ФК ойыншылардың жалақысына қатысты қауесетке жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — «Тараз» футбол клубы әлеуметтік желілерде ойыншылардың жалақысы мен клубтың қаржылық міндеттемелері туралы тараған жарияланымдарға байланысты түсініктеме берді.

«Тараз» футбол клубы Премьер-лигаға оралатын болды
Фото: «Тараз» футбол клубы

Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, келісімшарттардың жекелеген үзінділері нақты төлемдер мен қаржыландыру көздері туралы толық ақпарат бермейді. Сондықтан клубтың қаржылық міндеттемелерін бағалау кезінде бюджет қаражаты мен демеушілік қаржыны ажыратып, тексерілген деректерге сүйену қажет.

Осыған байланысты клуб БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желідегі ақпараттық парақшалардың әкімшілерін жарияланатын мәліметтердің дұрыстығын тексеруге, дербес деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптарын сақтауға шақырды. Сондай-ақ қосымша түсініктеме алу үшін клубқа жүгінуге кеңес берді.

«Тараз» ФК өкілдері клубтың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратылған немесе құпия мәліметтер заңсыз жарияланған жағдайда, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін заң аясында шаралар қабылданатынын ескертті.

Бұған дейін Азиз Анарметов маусым соңына дейін «Тараз» футбол клубының бас бапкері болатынын жазғанбыз.