Тараз қаласының әкімшілік аудандарының атауы бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұдан былай Тараз қаласының әкімшілік аудандары «Әулиеата» және «Жібек жолы» деп аталатын болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Тараз
Фото: Юрий Ким

Арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері қаланың тарихи мұрасына жақын атауларды таңдады.

Құрамына қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, белсенділер мен тарихшылар кіретін жұмыс тобының мүшелері бірнеше кездесулер өткізді. Олар қала тұрғындарының әртүрлі жолдармен, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы ұсынған нұсқаларын да қарастырды. Қаланың тарихына, оның тарихи атауларына және дәстүрлі топонимдерге қатысты нұсқаларға басымдық берілді.

Соңында «Әулиеата» және «Жібек жолы» атаулары таңдалды. Біріншісі — қазіргі Тараздың 19-20-ғасырларда туған тарихи атауы болса, екіншісі — көне Тараз тарихының Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты болуына байланысты таңдалған.

Бірінші әкімшілік аудан (солтүстік) «Әулиеата», екінші аудан (оңтүстік) «Жібек жолы» деп аталады.

Қаланы бөлуден кейінгі алғашқы шешімдердің бірі көлік ағынын тиімді ұйымдастыру және жолдардағы жүктемені азайту шараларын қабылдау болмақшы. Осы мақсатта екі көпір салу жоспары бар.

Абай даңғылы бойындағы темір жол арқылы бірінші жол өтпесі салынады. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жамбыл облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, бұл көпірдің құрылысы 2025 жылдың ақпан-сәуір айларында басталады.

Екінші жоба — Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінің қиылысынан Жамбыл даңғылына дейін созылатын жол өткелінің құрылысы. Бұл құрылыс көліктің теміржол және индустриялық аймақ арқылы өтуіне мүмкіндік беріп, халық арасында «бұдырлы» деп аталатын Жамбыл даңғылы бойындағы көпірдегі жүкті айтарлықтай жеңілдетеді. Әкімдік қазірдің өзінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды, ал жобаның өзі одан әрі қаралады.

Бұған дейін Таразды екі ауданға бөлу жоспарланғаны хабарланған болатын.

Сондай-ақ, Таразға көршілес аудандардың 14 ауылы қосылады.

Соңғы жаңалықтар