Тараз қаласының әкімі қос спортшыға пәтер кілтін берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен Паралимпиада ойындарының чемпионы Зульфия Ғабидуллинаға жаңа пәтер кілтін табыстады. Бұл туралы ҚазАқпарат «24 Хабарға» сілтеме жасап хабарлайды.

Тараз қаласының әкімі қос спортшыға пәтер кілтін берді

Қаланың жаңа аудандарының бірінде бой көтерген үш қабатты тұрғын үйден Елдос Сметов екі, Зүлфия Ғабидуллина үш бөлмелі пәтерге ие болды.

«Өте қуаныштымын. Спортшыларға көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін алғысым шексіз. Әрине, мұндай жетістікке жету үшін ұзақ жылдар бойы еңбектендім. Қазір елімізде спортпен шұғылданам деушілерге барлық жағдай жасалған. Мұндай қолдау спортшылар мен спорт саласына үлкен серпіліс береді», - деді Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина.

Қала әкімі Рүстем Дәулеттің айтуынша, спортшыларға пәтер алу үшін қалалық бюджеттен тиісті қаражат бөлінген, мұндай қамқорлық жас спортшыларымыздың үмітін оятып, олардың талабын шыңдай түседі.

Айта кетейік, Елдос Сметов Риода өткен Олимпиадада дзюдодан Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салған жүлдегер. Ал Зульфия Ғабидуллина 15 жазғы Паралимпиада ойындарында еркін жүзуден әлем рекордын жаңартып, ел тарихында тұңғыш рет Паралимпиада чемпионы атанған.