Тараз қаласының автопаркі жаңа автобустармен толықты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атындағы орталық алаңда жаңа автобустардың кілтін тапсыру шарасы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тараз қаласының автопаркі жаңа автобустармен толықты

«City bus» ЖШС жолаушылар тасымалының жайлылығы мен қауіпсіздігінің заманауи талаптарына сәйкес келетін «Golden Dragon» маркалы он екі жаңа автобус сатып алды. Жаңа автобустар қала тұрғындарына №8 бағыт («Small» супермаркеті – мөлтекаудандар – Жамбыл даңғылы – Төле би даңғылы – Қазыбек би көшесі – Абай даңғылы – Көшеней көшесі) бойынша қызмет көрсетпек. Ескі автобустар диагностикадан өтіп, жөнделіп, басқа бағыттарға шығарылады.

«Қоғамдық көлік мәселелері туралы бекерге айтылып жүрген жоқ. Қарбалас уақытта автобустар аз толатыны белгілі. Тұрғындар әлеуметтік желіде үнемі шағымданып, облыс орталығына кең, сыйымды автобустардың жетіспейтінін жазып келеді», - деп атап өтті Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа көліктерді таныстыру барысында.

Аймақ басшысы тариф көтерілген кезде тасымалдаушылар қоғамдық көліктегі қызмет көрсету сапасын да арттыру бойынша да шаралар қабылдауға міндеттелгенін еске салып өтті.

«Жергілікті тасымалдаушылар қоғамдық көлікте жол жүру тарифінің төмендігіне наразылық білдірген. Сондықтан жолақы құнын көтеру және «TulparCard» электронды билеттендіру жүйесін енгізу туралы шешім қабылданып, ол қолма-қол есеп айырысуды барынша азайтуға және төлемдер жүйесін ашық етуге мүмкіндік берді. Қазір қала тұрғындарының 98 пайыздан астамы «TulparCard» картасын пайдаланады. Тасымалдаушылардың табысы 1,5 есеге артты. Дегенмен, олар уәдесін орындауға асықпайтындай. Алматылық «City bus» ЖШС өз қаражатына жаңа автобустар сатып алып отыр, тағы осындай бірнеше көлік алуға дайын. Жергілікті тасымалдаушылардың да өз міндеттемесін орындайтын уақыты жетті. Біздің мақсатымыз – жыл сайын жүз автобус сатып алу арқылы автопаркті толығымен жаңарту», - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев егер тасымалдаушылар субсидия алғысы келсе, онда адал және ашық жұмыс істеу керектігін баса айтты.

«City bus» ЖШС өкілі Нұрлан Елшібаевтың айтуынша, сыйымдылығы 90 адам болатын 12 метрлік жаңа автобустар кондиционер, бейнебақылау камерасыымен (әр автобуста 7 бейнекамера), пандус, GPS навигация жүйесімен жабдықталған.