Тараз маңындағы жарылыстар: мерзімді қызметтегі сарбаздарды жазалау мерзімі 13 жылға дейін өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймалардағы жарылыстар туралы іс бойынша Шымкент гарнизонының әскери соты шығарған үкіммен келіспеген апелляциялық шағымды қарауды аяқтады.

Апелляциялық шағымдарды сотталғандардың адвокаттары бірінші сатыдағы соттың шешіміне қарсы берді. 9 жылға сотталған және 25 млрд теңге шығынды өтеген бұрынғы сарбаздар Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайдан басқа, әскери бөлімнің міндетін атқарушы лауазымын атқарған Қорғаныс министрлігінің 28349 әскери бөлімінің офицерлері Аслан Бақытжанов пен оның орынбасары болған Руслан Несіпқалиев шағым түсірді. Екеуі де қызметке немқұрайлы қарағаны үшін кінәлі деп танылды, бірақ ескіру мерзімі аяқталуына байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Екі офицер де ақталу үмітімен үкімге шағымданды.
Сотталған сарбаздардың адвокаттары Сағадат Әміре мен Абзал Өміралин және олардың ата-анасы апелляциялық алқаның шешіміне үлкен үміт артты.
«Мен іс бойынша айыптау актісінде көрсетілген айыптауларды жоққа шығаратын дәлелдерді келтірдім. Сот барысында Е. Тұранов пен Ә. Әшірбайға айып тағылған іс-әрекеттердің болуы мүмкін еместігі дәлелденді», - деген еді бұған дейін адвокат Сағадат Әміре.
Қорғаушының айтуынша, барлық айыптау бұрынғы әріптесі Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайдың, өрт болған қоймада жігіттерді көрген қатардағы Қалдарбектің қарама-қайшы айғақтарына негізделген. Бірақ, оның айтқаны, бірнеше куәгердің айғақтарына қайшы келеді. Мысалы, сол бөлімде қызмет еткен екі офицерден жауап алынды. Олар Қалдарбек көрсеткен жерден қоймада тұрған адамды көру мүмкін еместігін айтты.

Апелляциялық шағымдар қаралғаннан кейін бір ай өткен соң, Қазақстан Республикасы Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімі Шымкент гарнизонының әскери сотында онлайн режимде жарияланды. Жаңа үкімге сәйкес Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбай 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Бұл ретте ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы мерзімді қызметтің бұрынғы сарбаздарынан 24 млрд 583 млн теңге материалдық залалды өндіріп алу туралы талапты алып тастады. Бірақ, айыптаушы тараптың азаматтық тәртіпке сәйкес талап ету құқығы бар.
«Біз апелляциялық алқаға үлкен үміт арттық, бірақ өкінішке қарай, біздің дәлелдеріміздің ешқайсысы ескерілмеді. Біз әлі де қорғаушыларымыздың кінәсіздігіне сенімдіміз, сондықтан кассациялық шағыммен Жоғарғы сотқа жүгінуге ниеттіміз», - деп толықтырды Сағадат Әміре.
Аслан Бақытжанов пен Руслан Несіпқалиевке қатысты ҚР Әскери сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімі күтпеген жағдай болды. Прокурордың өтініші бойынша олар ҚР Қылмыстық кодекстің 462-бабы 3-бөлігі бойынша «қарумен, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін заттармен және құралдармен жұмыс істеу ережелерін бұзу» бойынша кінәлі деп танылып, ең төменгі қауіпсіздік колониясында 5 жылға бас бостандығынан айырылды.