Тараз перзентханасында бір күнде төрт егіз жұп дүниеге келді



АСТАНА. KAZINFORM - Тараз қалалық көпбейінді ауруханасы және консультативтік-диагностикалық орталығының босану блогында ерекше қуанышты оқиға тіркелді. Бір күнде төрт ана егіз босанып, сегіз сәби өмірге келді.

Тараз перзентханасында бір күнде төрт егіз жұп дүниеге келді
Фото: ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, төрт отбасына бір мезетте қос қуаныш сыйлаған бұл жағдай медицина ұжымы үшін де есте қаларлық сәт болды. Ана мен баланың амандығын қамтамасыз ету жолында акушер-гинекологтер, неонатологтер, акушерлер, анестезиолог-реаниматологтер мен мейіргерлер жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытты.

-Төрт егіз жұптың бір күнде дүниеге келуі - сирек кездесетін ерекше оқиға. Бұл - ата-аналар үшін шексіз бақыт, ал медицина мамандары үшін еңбектерінің жемісін көрген сәт. Жаңа туған нәрестелердің бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын. Аналардың денсаулығы мықты болсын!, - делінген хабарламада.

Осыған дейін Жетісу облысында төртем босанған ана перзентханадан шыққаны туралы жаздық.