Тараз жылу электр орталығынан 2,8 миллиард теңге жымқырған қылмыстық топқа сот үкімі шықты

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз жылу электр орталығынан 2,8 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталған мекеменің басқарма төрағасы Бақберген Мәуленов, оның ұлы Рахат Бөлдеш, жалпы саны 8 айыпталушыдан тұратын қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Сот қылмыстық топқа қатысты деп іс жүзінде орындамай шот-фактура жазып беру, тауарларды жеткізу бойынша қызмет көрсету, бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін ысырап ету немесе жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолды қылу бойынша істі қараған болатын.

Сот шешімімен Б.Р. - 9 жылға, Қ.А. - 8 жылға, Қ.А. - 10 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан және 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Д.А. мен Д.С. 5 жыл коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқара алмайды, 7 жылға сотталды.

С.Г-ға пробациялық бақылау орнатылып, 3 жыл бас бостандығы шектелді.

Д.Е 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Алайда оны «Рақымшылық жасау туралы» Заң негізінде 5 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылданды.

Б.Т. 5 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқару құқығынан айырылды, 1 жылға сотталды.

Қ.А, Д.А. және Д.С. кінәсіз деп танылып, осы қылмыстарды жасауға қатысқаны туралы айғақтардың жоқтығы үшін ақталды.

Сотта анықталғандай, қылмыстық топ ЖЭО мүлкін сенімгерлік басқаруға алу және жылу және электр энергиясын тұтынушылардың ақшасын жүйелі түрде ұрлау үшін ресми түрде «В» ЖШС-ін құрған.

ЖЭО-ның үлесін сенімгерлік басқаруға алған соң Б. Мәуленов басқаратын «В» ЖШС-дегі тұлғалар тобы ЖЭО-дан өз қызмет бабын пайдалана отырып, қаржы ұрлаған. Осы арқылы жалпы сомасы 2 млрд 837 млн 710 мың 77 теңге залал келтірген.

Соттың 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен сотталушы Б. Мәуленовке қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлініп, іздеу жарияланған болатын.

Сот айыпталушылардың кінәсі осы іс бойынша жиналған дәлелдермен дәлелденгенін айтты. Оның ішінде жәбірленушінің, куәлар мен мамандардың айғақтары, мамандар мен сарапшылардың қорытындылары, екінші деңгейлі банктерде тәркіленген бейнебақылау камераларының жазбаларын тәркілеу хаттамалары, объектілер мен құжаттарды зерттеу хаттамалары, сот-сараптамалық зерттеулердің қорытындылары және басқа да заттай дәлелдер бар.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін біз Жамбылда марихуана сақтаған 55 жастағы ер адам ұсталды деп жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар