Таразда 1 миллионнан аса гүл егіледі

ТАРАЗ. KAZINFORM – Биыл Таразды көгалдандыру жұмыстарына көп көңіл бөлінбек. Қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға 1 миллионнан астам гүл егу жоспарланған. Одан бөлек, 15 мың раушан гүлі егіледі.

Тараз
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

«15 мың раушан гүлін қаладағы Абай, Төле би, Сейфуллин көшелеріне, Жамбыл даңғылының бойына, саябақ, скверлерге егу жоспарланып отыр. 627 шаршы метр қазандықтарымыз бар. Жасыл желектерді күтіп-баптау мақсатында 22 дана суқұйғыш арнайы автокөліктер жұмылдырылып, қосымша 12 су ұңғымасы орнатылады», – дейді «Жасыл ел-Тараз» ЖШС директорының орынбасары Айдын Бейсеков.

Айта кетейік, гүл егу жұмыстары сәуір айының 15-інен басталады. Бүгінгі таңда дайындық жұмыстары, сондай-ақ бұрын егілген 30 мыңға жуық раушан гүлдерін ашу жұмыстары жүріп жатыр.