Таразда 12 жасар қыздың асқазанынан 1 келіден астам шаш алынды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасында Тараз қаласының 12 жастағы тұрғынына сирек диагноз қойылды. Қыздың асқазанында шаш кесегі (трихобезоар) жиналып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
Фото: facebook.com/MinzdravRK

Қыздың анасының айтуынша, іштің жиі қайталанатын ауырсынуынан, тәбеттің төмендеуінен, салмақ жоғалтудан кейінгі соңғы 6 айда олар емханаға гастроэнтерологқа барып, ем алған.

Алайда нәтиже болмаған. Содан кейін облыстық көпбейінді балалар ауруханасының балалар хирургына жүгінді.

Ауруханада арнайы зерттеп-қараудан (УДЗ, іш қуысының КТ, ФГДЭС) өткеннен кейін асқазаннан бөгде зат табылды.

Қыз шұғыл ауруханаға жатқызылды.


Аспаптық және зертханалық зерттеп-қарау нәтижесі толық дайын болғаннан кейін операцияға білікті мамандардың операциялық бригадасы - хирургиялық бөлімшенің меңгерушісі Эльбрус Салпағаров, операциялық бөлімшенің меңгерушісі Қанат Дүйсебаев және анестезиолог Бақтияр Баялиев кіріседі.

Операция кезінде пациенттің асқазанынан шамамен 1,2 кг бөгде зат – трихобезоар (шаш кесегі) алынды.

Мамандардың біліктілігі ішкі ағзаларға зақым келтірместен асқазан-ішек жолдарының тұтастығын сақтауда маңызды рөл атқарды.


Қазір қыз операциядан кейін оңалтудан өтіп жатыр.

Анасының айтуынша, қыздың кішкентай кезінен шаш, жүннен жасалған бұйымдарды жейтін әдеті болған.

Асқазан-ішек жолдарының трихобезоары - өте сирек кездесетін патология.

Сондықтан қазіргі іш хирургиясындағы ең өзекті мәселелердің бірі саналады.

Асқазанның безоары ауыр және өмірге қауіп төндіретін асқыну тудыруы мүмкін.

Ата-ана балалардың патологиялық мінез-құлық реакцияларына ерекше назар аударуы және жоғарыда аталған әдеттер болған жағдайда уақытты созбай, психолог (психотерапевт), невропатолог және гастроэнтерологқа қаралғаны жөн.


Соңғы жаңалықтар