Таразда 2 адамды қатыгездікпен өлтірген қылмыскер ұсталды
ТАРАЗ. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Таразда аса қатыгездікпен екі кісіні өлтіру оқиғасы орын алды, деп хабарлайды Жамбыл облысы бойынша ІІД-нің баспасөз қызметі.
«21 ақпанда өзінің пәтерінен еуропалық нәсілді 24 жастағы әйелдің және онымен бірге тұрған ер адамның мәйіті табылды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Соттық-медициналық сапартама олардың үшкір затпен жарақаттанғанын анықтады.
Криминалды полиция қызметкерлері осы қылмысты жасады деген күдікпен бұған дейін мүлік қылмысы үшін бірнеше рет істі болған 25 жастағы Тараз қаласының А. есімді тұрғынын анықтады. Өз кінәсін мойындаған қылмыскер уақытша оқшаулау абақтысына қамалды.
Оның үстінен 96 баптың 2 бөлімі (екі адамды немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.