Таразда 27 жылдан бері тұрған сауда павильонын бұзуға жол берілмеді

АСТАНА. KAZINFORM — Тараздағы сауда нүктесінің иесі жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімнің күшін жойғызды. Алайда павильонды кеңейту үшін қосымша жер телімін ала алмады.

сот
Фото: freepik.com

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, сауда павильоны 1999 жылы орнатылған. 2026 жылғы тамызда оның иесі жерді жалға алу мерзімін ұзарту туралы өтінішпен қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне жүгінген. Алайда мекеме өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Кейін кәсіпкердің қосымша жер телімін беру туралы өтініші де кері қайтарылған.

Кәсіпкер екі шешімге де сот арқылы шағымданған. Істі қарау барысында сот сәулет бөлімінің павильонның осы жерде ұзақ уақыттан бері орналасқанын ескермегенін анықтады. Сонымен қатар көршілес аумақтағы осындай жер учаскесі бұған дейін басқа жер пайдаланушыға берілгені белгілі болды.

Сот сауда нүктесінің иесіне шешім қабылданғанға дейін өз уәжін айтуға мүмкіндік берілмегенін де анықтады.

Нәтижесінде жерді жалға алу мерзімін ұзартудан бас тарту заңсыз деп танылып, күші жойылды.

Ал қосымша жер телімін беру туралы талап қанағаттандырылмады. Соттың түсіндіруінше, заңнамада уақытша құрылысты кеңейту үшін қосымша аумақ бөлу көзделмеген.

Сот сәулет бөлімінің анықталған заңбұзушылықтары туралы қала әкіміне жеке ұйғарым жолдады.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Таразда тегін жер рәсімдеу үшін қайда бару керек екенін жазған болатынбыз. 

Айта кетейік, Конституциялық Сот жер дауларына қатысты Жоғарғы Сот қаулысын тексереді.