Таразда 7500-ге жуық отбасы «Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден алды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында 7500-ге жуық тұрғын «Birgemiz» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден көмек алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таразда 7500-ге жуық отбасы «Birgemiz» қорынан 50 мың теңгеден алды

Мәлім етілгендей, «Birgemiz» қоғамдық қоры арқылы ел бойынша 23 қаланың 150 мыңнан астам тұрғынына 50 мың теңгеден беріледі. Оны «Nur Otan» партиясы және жергілікті әкімдіктер үлестіреді. 23 қаланың қатарына Жамбыл облысынан тек Тараз қаласы ғана енген. Қордан жәрдемқаржы алушылар жеті санатқа жіктеп бөлінген. Ол туралы «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының баспасөз хатшысы Данияр Әлімқұл хабарлады.

«2020 жылдың 2 сәуірі күні республикалық «Bizbirgemiz» қорынан «BIRGEMIZ – JAMBYL OBLYSY» қорының есеп шотына 373,6 миллион теңге қаражат түсті. Ол қаражат Тараздан таңдалған 7473 адамға 50 мың теңгеден аударылды. Бұл – бизнес өкілдері, жомарт жандар, ел жанашырларымен жинақталған демеушілік көмек», - деді Д.Әлімқұл.

Сондай-ақ, ол қордың әрбір аударылған ақшасы мен жиналған қаржысы бойынша есеп беріліп жатқандығын жеткізді.

«Қарбаласқа қарамай, қысқа ғана уақытта: облыс, қала әкімдіктерінің әлеуметтік салаға жауапты өкілдері, «Nur Otan» партиясының ұжымы, «Birgemiz-Jambyl oblysy» қоры мен банк өкілдері бірнеше күн бойы демалыссыз жұмыс істеп, қаржының тұрғындарға жетуіне барын салды. Банк карточкалары мүлде жоқтарына ол да әзірленіп, кейбір тұрғындардың есепшоттары бұғаттан босатылды. «BIRGEMIZ – JAMBYL OBLYSY» Қоры Тараз қаласының арнайы санаттағы тұрғындарына тиісті көмектің дер кезінде көрсетілуіне күш салды»,- деді партия филиалының баспасөз хатшысы.