Таразда алаңдағы тоғызқұмалақтан ашық турнир өтті

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында «Алаңдағы тоғызқұмалақ» ұлттық командалық ойынынан Жамбыл облысының ашық турнирі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таразда алаңдағы тоғызқұмалақтан ашық турнир өтті

Аймақтық Дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдерінің айтуынша, 27-28 қараша күндері «Тараз-Арена» спорт сарайында Жамбыл облысы аудандарынан, Тараз қаласынан, сондай-ақ Қызылорда облысынан келген жүзден астам жас спортшы өзара мықтыны анықтаған.

Турнирде Қызылордалық спортшылар бірінші орынды иеленді. Жамбыл облысының Қордай ауданы екінші болса, үздік үштікті меркіліктер түйіндеді.

Жарысты Жамбыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы Тоғызқұмалақ федерациясымен бірлесе өткізді.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, алаңдағы тоғызқұмалақ «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының «Рухани қазына» шағын бағдарламасына енгізілген. Осыған байланысты, ұлттық спорт түрін 7-18 жас аралығындағы оқушылар арасында насихаттау мақсатында жарыстар өткізіліп тұрады.