Таразда Алғыс айту күні Қырғызстаннан келген қонақтармен бірге атап өтілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда Алғыс айту күні көршілес Қырғызстаннан келген қонақтармен бірге атап өтілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Талас облысынан келген 20 адамдық делегацияны, тараздықтар «Айша бибі» шекара бекетінде қарсы алды.
Қонақтарға бұл мерекенің Қазақстанда үшінші мәрте өткізіліп жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Алғыс айту күні - еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің еліміздің тарихына баға бере отырып, қазақ халқына алғыс айту күні екендігі түсіндірілді.
Қырғызстандағы Талас ауданы губернаторының орынбасары Азият Жарқыналиева, көршілес жатқан екі облыстың тығыз қарым-қатынаста екендігін айта келе, қазақстандықтардың қонақжайлығына ризашылығын білдірді.
Мерекелік бағдарламада қазақтың ұлттық ойындары мен бірге этномәдени бірлестіктердің концерті ұсынылды. Сахнада қазақ, украин, неміс, кәріс, орыс әндері шырқалды.
Бұдан кейін Қырғызстаннан келген қонақтар ағаш отырғызу рәсіміне қатысып, Тараздағы танымдық орындарды аралап көрді.
«Мереке аясында «Мейірімді көршілерге рахмет!» атты жалпыреспубликалық акция өтуде. Биыл дәл осындай іс-шара Таласта «Қазақстан - достық пен татулықтың мекені» атты фестиваль ұйымдастырылған болатын. Қырғызстандағы біздің бауырлас достарымыз бүгін мерекені бөлісуге келіп отыр»,-деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғалия Боранбаева.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы Ассамблеяның 20 жылдығына орай Елбасы 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде мерекелеуді ұсынған болатын.

