Таразда әріптестерімен пышақтасқан экс-полицей өз еркімен берілген - Бас прокуратура

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әріптестерімен пышақтасқан Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің бұрыңғы басқарма басшысы Үмбетәлиев полицияға өз еркімен берілген. Бүгін ҚР Бас прокуратурасы Үмбетәлиевті полиция қызметкерлері ұстағандығы туралы Ішкі істер министрлігінің ақпаратын теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таразда әріптестерімен пышақтасқан экс-полицей өз еркімен берілген - Бас прокуратура

«Бас прокуратураның жедел тергеу тобы ағымдағы жылдың 9 тамызынан 10-на қараған түні Тараз қаласы «Арай Плаза» бизнес орталығы жанында Жамбыл облыстық ІІД Экстремизге қарсы басқармасының бастығы М.И.Үмбетәлиев, Криминалдық полиция басқармасының бастығы Е.О. Бектұрғанов және аудандық ХҚКО басшысы М.Ж. Жетпісбаевтың арасында орын алған оқиғаға қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде.

19 тамыз сағат 13:00-де Үмбетәлиев Шу аудандық прокуратурасына өз еркімен келген, одан кейін ол Тараз ҚІІБ Уақытша ұстау изоляторына жеткізілді және қазіргі уақытта сол жерде отыр», - деп жазды ҚР Бас прокуратурасы Фейсбуктегі ресми парақшасында.

Мәлім етілгендей, бұған Бас прокуратураның күдіктінің қорғаушылары мен жақын туыстары арасында өткізген түсіндірме жұмыстары сеп болған.

«Осылайша, ІІМ-нің Үмбетәлиевті полиция қызметкерлері ұстады деген ақпараты шындыққа жанаспайды. Күдіктінің әрекеті «екі немесе одан көп адамды бұзақылық ниетпен өлтіруге оқталу» деп сараланып, оған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - деп нақтылады Бас прокуратурадан.

Еске салайық, 10 тамыз күні кешкісін бұрынғы полиция қызметкері М.Жетпісбаев, Жамбыл облыстық ІІД басқармаларының басшылары М.Үмбетәлиев пен Е.Бектұрғанов бірге спирттік ішімдік ішкеннен кейін, араларында жанжал туындап, соңы төбелеске ұласты. Үмбетәлиев М.Жетпісбаевқа пышақ сұғып, Е.Бектұрғановқа жарақат салған.

11 тамыз күні белгілі болғандай, мас күйінде жанжал шығарған Жамбыл облыстық ІІД басқарма басшыларыішкі істер органдарынан шығарылды .