16:54, 27 Тамыз 2020 | GMT +5
Таразда аспаз қызды алып қашқан жігіт 7 жылға дейін сотталуы мүмкін
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аспаз қызды Тараздағы донер сататын жерден үйлену мақсатында ұрлап әкеткен. Полицейлер қызды үйіне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
21 тамыз күні сағат 00.30-да кезекші бөлімге хабар келіп түскен. Онда облыс орталығындағы дәмханаларының бірінде 20 жастағы аспаз қыз ұрланғаны айтылған. Жедел-іздестіру шарасы барысында полиция қызметкерлері бейтаныс қызды оның келісімінсіз үйлену мақсатында ұрлап кеткен адамды ұстады.
Ол Талас ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 2-бөлігі 125-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қыз үйіне қайтарылды.
Жамбыл облыстық полиция департаменті ҚР ҚК 2-бөлігі 125-бабына сәйкес, қызды ұрлап кеткен жігіт төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екендігін ескертті.