Таразда бұрынғы әйелін бір жыл бойы қинаған ер адам қамауға алынды
АСТАНА. KAZINFORM — Таразда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы бірнеше рет хабар түскен 110 мекенжай анықталды. Бұл туралы Жамбыл облысының прокуратурасы мәлімдеді.
Қала прокуратурасы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасына талдау жүргізіп, бір мекенжайдан тұрмыстық жанжал туралы бірнеше рет хабар түскен жағдайларға уәкілетті органдар тарапынан тиісті шаралар әрдайым қабылданбағанын анықтаған.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай жағдайлар зорлық-зомбылықтың қайталануына және оның ауыр зардаптарға әкелуіне себеп болуы мүмкін.
Осыған байланысты Таразда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмыс ұйымдастырылған.
Мәселен, жыл басынан бері бір мекенжайдан отбасылық жанжал туралы төрт рет хабар түскен. Тұрғындардың біріне қатысты профилактикалық шаралар жүргізілгеннен кейін соңғы үш айда бұл мекенжайдан құқық бұзушылық туралы хабарлама түспеген.
Сонымен қатар прокуратура бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қинаған ер адамға қатысты істі анықтады.
— Тергеу мәліметіне сәйкес, ер адам бір жыл бойы бұрынғы әйелінің үйіне келіп, жанжал шығарған. Ол әйелді қорқытып қана қоймай, бірнеше рет ұрып-соққан. Бұған дейін отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, ер адам заңға қайшы әрекеттерін жалғастырған. Прокуратураның нұсқауымен оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы («Қинау») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру прокуратураның бақылауында, — делінген хабарламада.
Прокуратура азаматтарды тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілеріне бейжай қарамай, мұндай жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырды.
Бұған дейін Kazinform заң күшейсе де, отбасындағы әйелге деген қарым-қатынас неліктен әлі өзгермегенін сұрап білді.