Таразда бұрын сотталған 33 азамат қайта қамалды

Ресми мәліметке қарағанда, Жамбыл облысында жыл басынан бері орын алған ұрлықтың 80 пайызға жуығын есепте тұрғандар жасаған. Құзырлы орган пробациялық бақылау орнатқан азаматтардың қылмыс жасауын болдырмау шараларын жүргізгенімен, нәтиже мардымсыз. Бұл туралы өңірдегі пробация қызметінің бастығы, әділет подполковнигі Әсел Кабулова айтты.
«Былтыр 2 мыңнан астам сотталған азамат пробациялық бақылаудан өтті. Дәл қазір Жамбыл облысы аумағында 1568 адам есепте тұр. Оның ішінде кәмелетке толмағандардың саны – 15. Биыл 3 ай ішінде есепте тұрғандар 14 қылмыс жасаған. Оның басым бөлігі ұрлық. Пробация қызметкерлері осыны ескеріп, 100-ден аса материалды сотқа жолдаған Онда арнайы есепке алынса да, қайта қылмыс жасаған азаматтарды түзеу мекемесіне қамауға алу ұсынылған. Соған сәйкес, 33 тұлғаға қатысты іс қанағаттандырылып, олар қамауға алынды», – дейді ол.
Құқық қорғау органы қызметкерінің айтуынша, ұрлыққа баратындардың көбісі бұрын сотты болған.
Айта кетейік, бұған дейін Тараздағы клубтарды өздерінің «күзет қызметін» пайдалануға мәжбүрлеген қылмыстық топ ұсталғанын жазған болатынбыз.