Таразда дінді берік ұстанған оқушылар мен мұғалімдердің саны анықталды
Білім бөлімінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның айтуынша, қазіргі таңда қаладағы 59 мектепте дінді берік ұстанатын 7 педагог бар. Олардың үшеуі Ислам бағытын ұстанса, төртеуі - Иегово куәгерлері. Аталған ұстаздардың дінге сенім артқандарына ең азы 11 жыл болса, ең ұзағы 33 жыл.
Атап өтілгендей, бұл педагогтарға оқушы немесе ата-ана тарапынан ешқандай шағым болмаған. Діни сенімде жүрген бастауыш сынып, дене шынықтыру, математика, қазақ тілі мен орыс тілі пәндерінің мұғалімдері және педагог-психологтың атқарып отырған жұмыстары мектеп әкімшілігі мен білім бөлімінің қатаң бақылауында.
Ал оқушыларға келсек, ата-аналарының ықпалымен діни ағымдарға кірген оқушылар саны 144 болып отыр. Оның ішінде 62 оқушы - Ислам дінінде, қалған 82-сі Адвентистер мен Иегово куәгерлері, Баптист және Субботниктер қатарында.
«Әр аптаның жұма күні ғибадат үйлеріне жақын орналасқан мектептерден кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылып отыр. Мешіттерге ата-анасынсыз келген мектеп жасындағы 10 жасөспірім ұсталды. Олар оқумен қамтылмаған, жеке бастарын куәландыратын құжаттары жоқ. Сыған ұлттарының балалары мен № 4 өзбек мектебінің оқушылары. Бұл кезекте жедел түрде Өзбек мектебінің әкімшілігі мен жасөспірімдердің ата-аналары шақыртылып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілді», - деді бөлім басшысы Мүбәрак Жинақбаева.