Таразда екі адамды құлдықта ұстаған күдікті ұсталды
Тараз қалалық полиция басқармасының 2-полиция бөліміне 24 және 40 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтарынан еңбекті пайдалану дерегі бойынша арыз түскен, деп хабарлайды Kazinform.

Жамбыл облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, арызда жәбірленушілер ер адам олардың жеке басты куәландыратын құжаттарын алып қойып, Тараз қаласындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеуге мәжбүр еткенін көрсеткен. Олар қашып үлгерген, алайда иелері құжаттарын қайтару үшін ақша бопсалаған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен, яғни заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынын анықтайды. Ол талап еткен шамамен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаның 200 мың теңгесін алған кезінде ұсталады.
Күдікті өз кінәсін мойындап, құрықтау барысында одан
200 мың теңге ақшалай қаражат, «Редми-7» маркалы ұялы телефон және құжаттар тәркіленген.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері жалғасып жатыр.