Таразда инвесторларға заңсыз тосқауыл қойған шенеуніктер жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Таразда құны 17 млрд теңгені құрайтын жобалар бойынша инвесторлардың құқықтары қорғалды, деп хабарлайды Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Тараз қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында инвесторлардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтады. Атап айтқанда жергілікті атқарушы орган құны 3 млрд теңгені құрайтын тракторлар мен комбайндар шығаратын зауыт құрылысы жобасын жүзеге асырып жатқан «Kaz FMWORLD Agricultural Machinery» ЖШС-не сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруден негізсіз бас тартқан.
Сонымен қатар құны 14 млрд теңгені құрайтын қант зауытын салу жөніндегі «ТСЗ» ЖШС-нің инвестициялық жобасын сүйемелдеу барысында электр желілеріне қосылуға берілген техникалық шарттарға инвесторға қосымша қаржылық шығындар жүктейтін негізсіз талаптар енгізілген.
— Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде заңбұзушылықтар жойылып, инвесторлардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді, ал кінәлі лауазымды тұлғалар заңнамада белгіленген тәртіппен жауаптылыққа тартылды, — делінген хабарламада.
Жыл басынан бері Таразда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан 9 инвестордың құқықтары қорғалды. Әкімшілік кедергілерді жою және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Жамбыл облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (775) 891-25-52 байланыс телефоны арқылы немесе 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.
Бұған дейін Маңғыстауда прокуратура ірі инвестордың құқығын қорғағанын жазғанбыз.