Таразда кафе қызметшісі кепілге қалған телефонмен 2,8 млн теңге несие рәсімдеген

Тараз қаласының полициясына 37 жастағы жергілікті тұрғын белгісіз тұлға банктің мобильді қосымшасы арқылы оның атынан 2 840 000 теңге көлемінде несие рәсімдегенін, содан кейін ол ақшаны букмекерлік қосымшаның есепшотына аударғанын айтып, шағымданған, деп хабарлайды Kazinform.

полиция
Фото: Polisia.kz

Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігі 1-тармағы, яғни ірі мөлшерде жасалған ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

Жәбірленуші оқиға қарсаңында Тараздағы кафелердің бірінде демалғанын айтқан. Есеп айырысу үшін ақшасы жетпей, өзінің ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін оны ұмытып кеткен. Кейіннен әйелінің телефоны арқылы банктің қосымшасына кіріп, ол өз атынан үлкен көлемде несие рәсімделгенін білген.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы кафенің 20 жастағы қызметшісін анықтаған. Ол өз кінәсін толық мойындап, тергеу амалдары жалғасуда.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбылда той кортежінде тәртіп бұзған жастар 265 мың теңге айыппұл төлейтінін жазған болатынбыз.