Таразда қалың қар салдарын жою жұмыстары төртінші тәулікке созылды

Тұрғындардың пікірінше, 14 қазанға қараған түні жауған қардың қалыңдығындай қар Жамбыл облысында бұрын-соңды болмаған. Әлі жерге түсе қоймаған жасыл жапырақты көмкере жауған жылбысқы қар бұтақтарды сындырып қана қоймай, электр желілерін де істен шығарды. Телефон кабельдері зардап шегіп, телефон, интернет байланыстарының үзілуіне алып келді. Көптеген көліктер құлаған бұтақтар астында қалды.
«ҚазАқпарат» тілшісіне Тараз әкімі Нұржан Календерев хабарлағандай, Тараз бойынша электр сымдары үзілген шағыммен барлығы 1 639 шақырту тіркелген.
«Қазір 1 323-і қалпына келтірілді. 22 бригада жұмыс істеп, электр жүйесін ретке келтіруде. Облыс әкімінің өкімі бойынша қаланы жинауға қызмет мамандарымен қоса, қалалық ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлері де шыққан. Барлығы бес мың адам жұмылдырылды», - деді ол.
ТЖД баспасөз қызметінінің деректеріне сәйкес, ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ жедел құтқару жұмыстарына шамамен 20 рет шыққан. Құлаған бұтақтар астынан 7 жеңіл көлік сыртқа шығарылды. Бұдан басқа, көшелерді құлаған ағаштар мен бұтақтардан тазалау, адам өмірі мен денсаулығына қауіп әкелетін ағаш бұтақтарын қию жұмыстары жүргізілді.