Таразда кәріз суын тазарту мәселесі 2028 жылы шешіледі

су
Фото: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

ТАРАЗ. KAZINFORM – Қазіргі уақытта Тараз кәріз суы тазартылмайтын жалғыз облыс орталығы болып отыр. Жергілікті әкімдік агенттік тілшісіне жаңа тазалау қондырғысының қашан ашылатынын айтып берді. 

Қаланың қалдық суы 200 гектардан асатын сүзгі алқабына төгіледі және жерге сіңу, булану арқылы тазарады. Тәулігіне 70 мың текше метр шайынды су түскендіктен, бұл алқаптың өзі жеткіліксіз. Оған қоса, кәріз суының жерасты суларына араласып, тұрғындарды ауыз судан айыру қаупі төніп тұр. Жергілікті әкімдік бұл түйткілді мәселе 2028 жылы түбегейлі шешіледі деп уәде беріп отыр.

«Жаңа кешен құрылысын бастау үшін Еуразиялық даму банкімен келіссөздер жүргізілді және 250 млн теңге грант бөлініп, жобаның техникалық-экономикалық негіздеу жұмыстарын қаржыландырды. Бұл негіздемені словениялық CECT Consulting компаниясы әзірледі және мемлекеттік сараптамаға өткізді. Енді ЕРС келісімін жасау үшін Еуразиялық даму банкі конкурс өткізеді. Оған халықаралық деңгейдегі құрылыс компаниясы қатысады. Қорыта айтқанда, 2025 жылы құрылысты бастап, 2027 жылы аяқтау керек. Осылайша, 2028 жылдан бастап, шайынды сулар толық тазартылатын мүмкіндік болады», - деп түсіндірді қала әкімінің орынбасары Қ.Исмаил.

Бұған дейін Парламент қабырғасында Тараздағы кәріз суын тазалау қондырғысының болмауы көтерілген еді.

Соңғы жаңалықтар