Таразда қатты аязда екі адам үсіп қалған
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл өңірінде қар жауып, аяз басталды. Өңірде бір аптадан астам уақыт бойы қар жатыр, ал аяз Таразда минус 10-20 градус және облыс аудандарында минус 30 градусқа жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Синоптиктердің пікірінше, қыс уақытында осы кезеңде мұндай аяз болмаған.
Таразда орташа жылдық температура желтоқсанның басында және ортасында + 0 +8 градустан аспайтын.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, мұндай аязға үйренбеген тараздықтарды үсік шалып, дәрігерге жүгініп жатыр.
«Осы демалыста облыс орталығының екі тұрғыны үсік шалу белгілерімен жедел жәрдем шақырған. 54 жастағы ер адам ұзақ уақыт далада жүрген. Зардап шегушінің айтуынша, содан кейін үйінде қызуы көтеріліп, саусақтарын сезбей қалған. Сосын жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері оны үсік шалғанын анықтап, көмек көрсеткен. 49 жастағы тұрғын да суыққа қарамастан ұзақ уақыт көшеде тұрып қалып үсік шалған. Оған қажетті медициналық көмек көрсетілді», - деді ведомстводан.
Жамбылдық дәрігерлер қысқы ауа райына байланысты аязды күндері абай болуға шақырады.
«Ішімдік ішпеген дұрыс, мүмкіндігінше темекі шекпеңіздер. Сондай-ақ кофе көп ішпеген жөн, себебі кофеин тамырды тарылтып, аяқ пен қолдағы қан айналымын баяулатады. Ыңғайлы, жылы киім мен аяқ киім киіңіз. Ең жақсы сырт киім – жылы, жеңіл, қозғалысқа кедергі келтірмейтін, су өткізбейтін киім. Қатты аязда бірнеше қабат киім киген дұрыс, себебі киім қабаты арасында жылу сақталады. Бетіңізді жұмсақ шарфпен орап алып, сонымен тыныс алыңыз», - деді ведомство.
Дәрігерлер аяқ киімге ерекше мән беруге кеңес береді.
«Аяқ киім жылы, ыңғайлы, табаны қалың болуы керек. Қатты аязда биік өкше кимеген дұрыс. Табаныңыз табиғи емес қалыпта тұрса қан айналымға кедергі келтіреді және үсік қаупі артады. Күн суықта біздің ағзамызға қосымша «энергия көзі» қажет. Диетаны кейінге қалдырып, дене белсенділігін арттырған жөн. Теріге су негізіндегі кремдер жақпаңыз, себебі мұз кристаллдары пайда болып, жасушаны зақымдайды. Осы қарапайым ережелер үсік шалудан қорғайды», - деп атап өтті Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.