Таразда Конституция күнінде тұрғын үй мен балабақша ашылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Жамбыл облысының аудандары мен облыс орталығында жаңа әлеуметтік нысандардың кілттері салтанатты түрде табыс етілді.
Өңір басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Таразда Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков «Арай» тұрғын үй алабындағы 80 пәтерлік үйдің жаңа иелеріне кілт табыс етті. «Агроспецстрой» ЖШС құрылысты 2015 жылы бастаған. Жыл аяғына дейін тағы бір көп пәтерлі тұрғын үйді тапсыруды жоспарлауда.
Жаңа «Балбұлақ» балабақшасының салтанатты ашылу рәсімі «Салтанат» шағынауданында өтті.
280 орындық мектепке дейінгі мекеме Сарысу ауданының Жаңатас қаласында, сондай-ақ Қордай ауданы Масаншы ауылында ашылды, 200 орындық балабақша Шу ауданы Шу қаласында пайдалануға берілді.
Тұтастай алғанда, ҚР Конституциясы күніне орай «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өңірде облыстық бюджет есебінен 5 мектеп, 4 балабақша тапсырылды.