Таразда мультфильм кейіпкерлері балаларға жол ережесін үйретті

Жамбыл полицейлері жол қозғалысы ережелерін сақтауға балалардың назарын аударудың ерекше әдісін ойлап тапты. Акцияға Тараздағы Оқушылар сарайының «Бақытты болашақ» сәндік-қолданбалы шығармашылық бөлімінің оқытушылары және «Balashow Taraz» мерекелерді ұйымдастыру агенттігі қатысты, деп хабарлайды Kazinform.

Тараз
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Тараз көшелерінде Өрмекші адам, Трансформер, Ақшақар және басқа да мультфильм кейіпкерлері балалармен бірге жолаушылар жолағынан өтіп, жол ережесін сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. 

Жол ережесі
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

«Бұл идея бастауыш сынып оқушыларының, өзге де балалардың жол-көлік апаттарынан алуы мүмкін жарақаттарына қатысты мәселеге жұртшылықтың назарын аудару мақсатында ұйымдастырылды. Статистикаға сәйкес, 10 жасқа дейінгі балалар жол қозғалысына қатысушылардың ең осал санаты екен. Өкінішке қарай, биыл облыста 10 айда жол-көлік оқиғаларынан 23 кәмелетке толмағандар көз жұмып, 350 адам дене жарақатын алды. Осы фактілердің алдын алу үшін біз барлық қажетті іс-шараны қолданудамыз. Жасыратыны жоқ, бүлдіршіндер еліктеу үшін идеалды іздейді. Жол қозғалысы ережелерін сақтайтын және оқытатын экрандағы кейіпкерлер – балаға арналған мінез-құлықтың жарқын үлгісі және көрнекі мысал бола алады деп ойлаймыз, – деді Жамбыл облысы полиция департаменті ЖПҚБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Ержан Мананбаев. 

Жол ережесі
Фото: Жамбыл облыстық ПД баспасөз қызметі

Iс-шара барысында тақырыптық плакаттар дайындалып, балаларға таратылған шарлар мен тәтті тағамдар мерекелік көңіл-күй сыйлады. Науқанға қатысушылар сүйікті кейіпкерлерiмен естелікке суретке түсті. 

Айта кетейік, бұған дейін Жамбылда полицей түскі үзілісте формасымен қалыңдығына құда түсіп барғанын жазған болатынбыз.