Таразда сауда үйін біреу қасақана өртеген болуы мүмкін

ТАРАЗ. ҚазАқпарат -   Бүгін түнде Тараз сауда үйінде 18 дүңгіршек жанып кетті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Таразда сауда үйін біреу қасақана өртеген болуы мүмкін

 «Сағат 4.27-де орталық диспетчерлікке Тараздың 7, 9-шы шағын ауданында орналасқан «Мыңбұлақ» шағын сауда орталығы түтіндегені туралы хабарлама түсті, - деп хабарлады облыстың ТЖД басшысының орынбасары Талғат Сабыров. - Сағат 4.28-де оқиға орнына өрт сөндіру техникасы мен ТЖД жеке құрамы келді. Көрші дүңгіршектерге таяу орналасқан 5 қабатты тұрғын үйге жалынның таралу қаупі ескеріліп, қосымша күш шақырылды. Өртті ауыздықтау үшін 12 баған пайдаланылды».

Тұтастай өртті сөндіруге жеке құрамнан 76 адам, 18 бірлік техника, сондай-ақ ЖЭЖ авариялық күштері, жедел жәрдем қызметі жұмылдырылды. Аумақты ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қоршады.

 «Тілсіз жау 5.27-де оқшауланып, 6.10-да сөндірілді. Материалдық шығын анықталуда. 18 дүңгіршек, пластик терезелер, халық тұтынатын тауарлар, аралықтар жанып кетті. Жалын  450 шаршы метрді шарпыды. Жоғары жүктеме, дүңгіршектердің тез жанатын құрылыс материалдарынан салынуы өрттің жылдам жайылуына ықпал етті», - деді Сабыров.

Облыстың ІІД тергеушілері біреу қасақана өртеген деген алдын ала нұсқаны белгіледі. Бейнебақылау камерасындағы жазбаға екі белгісіз адам терезені сындырып, жылдам тұтанатын қоспамен бөтелке лақтырғаны түсіп қалған.