Таразда табиғи жібек өндіруге арналған шикізат базасы құрылып жатыр
ТАРАЗ. KAZINFORM — «Жібек жолы» ауданында жібек жібін өндіру жобасы дамып келеді. Әйелдер мен көпбалалы аналар осы кәсіппен танысып, ал Қызыл Абад тұрғын алабында жапырағы жібек құртын өсіруге қажет тұт ағаштары отырғызылып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, күзде мұнда он мың тұт ағашы отырғызылған. Жобаның оқыту бағыты аясында аумақтық округтегі әйелдер мен көпбалалы аналарға арналған тоғыз семинар-тренинг өткізілген. Сонымен қатар Самарқандтың тәжірибесі зерделенген.
Ағаш отырғызу жұмыстары қала әкімінің он мың көшетке арналған жер телімін дайындау жөніндегі тапсырмасынан басталған. Қазан айында Республика күні қарсаңында осы аумақта тұрғындар, жастар және аға буын өкілдерінің қатысуымен акция өтті. Сол кезде қала билігі алғашқы екі мың ағаштың отырғызылғанын хабарлаған еді. Ал кейінгі аудандық есепте күзгі жұмыстың жалпы нәтижесі — он мың ағаш көрсетілген.
Тұт ағашы жібек шаруашылығын дамыту үшін таңдалған. Оның жапырағы тұт жібек құртына қорек болады. Ал алынған піллә кейін табиғи жіп өндіруге пайдаланылады. Қызыл Абадтағы көшет отырғызу жұмыстары болашақ өндірістің шикізат базасын дайындауға бағытталған.
Облыста бұл дақылды өсіру тәжірибесі бар. Маусым айында Байзақ ауданының Жібек жолы ауылындағы кооперативтік жоба туралы хабарланған еді. Онда кәсіпкерлер 120 мыңнан астам жібек құртын өсірген. Оларды қорекпен қамтамасыз ету үшін бұған дейін Самарқандтан әкелінген тұқымнан 40 гектар жерге тұт ағаштары егілген.
Кәсіпкер Талғат Дәуітбаев жібек құрты өсірілетін бөлмедегі температураны шамамен 25°С деңгейінде ұстап, оны тұт жапырағымен үздіксіз қамтамасыз ету қажет екенін айтқан. Бұл жұмыс тұрақты күтімді талап етеді. Сондықтан жібек құртын өсіру басталған кезде қорек базасы дайын болуы керек.
Келесі кезең — пілләні өңдеу және жіппен жұмыс істеу. Жобаға қатысушы Сәлима Үспәлиева бұл жұмыстардың әзірге қолмен атқарылатынын жеткізді. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар жібектің әртүрлі түрін шығарып, шикізатты да, дайын өнімді де сатуды көздеп отыр.
Жобаға еңбек ардагері Мария Ибраимова жетекшілік етеді. Қатысушылар 2026 жылы 200–300 келі піллә алуды, ал болашақта өндіріс көлемін бірнеше тоннаға жеткізуді жоспарлаған. Мұнда 300-ге жуық ананы жұмыспен қамту мүмкіндігін өндірістің толық қуатқа шығуымен байланыстырып отыр.
Қызыл Абадтағы қалалық бастама қазір ағаш отырғызу мен оқытуға бағытталған. Жоба ауыл шаруашылығы алқаптары мен жеке шаруашылықтар қалалық құрылыспен қатар орналасқан ерекше ауданда жүзеге асырылып жатыр.
«Жібек жолы» ауданында 499 шаруа қожалығы тіркелген. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің аумағы 3 990 гектар. Жібек жібін өндіру жобасы жер өңдеудің дәстүрлі бағыттарын жібек құртына қорек болатын дақылды өсірумен толықтырады.
Жергілікті шеберлер матамен жұмыс істеу тәжірибесін де Самарқандта меңгеріп жүр. Қолөнерші Айнұр Нұрбаева сол жерде жібекті бояу мен өңдеуді үйренгенін айтқан. Табиғи матадан авторлық киім үлгісін дайындауға үш ай уақыт жұмсаған. Бұл туындысын ол Париждегі халықаралық байқауда таныстыру үшін әзірлеген.
Еске салсақ, 2024 жылы Түркістан облысында жібек өндірісін дамыту үшін 2,5 млн түп тұт көшетін әкелу жоспары туралы жазған едік. Алғашқы көшеттер Жетісай ауданындағы Мақталы ауылының маңында 25 гектар жерге отырғызылған. Жобаға өзбекстандық мамандар әдістемелік қолдау көрсеткен.
Сондай-ақ жақында Таразда ASPARA FASHION DAY 2026 халықаралық сән фестивалі өтті. «Көне Тараз» кешеніндегі көрмеге 33 шебер қатысып, қолөнер бұйымдары мен авторлық туындыларын ұсынды. Ал сән көрсетілімінде ұлттық нақыш пен заманауи дизайнерлік шешімдерді үйлестірген топтамалар таныстырылды.
Алексей Поляков