Таразда тағы бір үйдің кіреберісі карантинге жабылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы «Аса» шағын ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің кіреберісі карантинге жабылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімдігігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Таразда тағы бір үйдің кіреберісі карантинге жабылды

Кеше аталған үйде тұратын 1975 жылы туған тұрғыннан коронавирус инфекциясы табылған болатын. Қазір әйел инфекциялық стационарға жатқызылып, қажетті ем-дом шараларын алуда.

Эпидемиологиялық тексеру барысында науқастың Нұр-Сұлтан қаласынан келген жақын туысымен байланыста болғаны анықталды. Онымен жақын қарым-қатынаста болған үш адам карантинге жатқызылды.

Подъезде және тұрғылықты жері бойынша дезинфекциялық өңдеулер жүргізілді. Аталған подъездің пәтерлерінде тұратын 31 тұрғын 14 күнге оқшауланды. Оларға өз пәтерінен шығуға тыйым салынды.

Сондай-ақ, ондағы жұмыс істейтін үш тұрғынға уақытша еңбекке жарамсыздық туралы анықтама берілді. Олармен өзін-өзі оқшаулаудың маңызы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Подъезд маңында полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.

Тараз қаласының әкімдігі аталған үйдің карантиндегі тұрғындарын қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.