Таразда тәулігіне 80 тонна сүт өңдейтін зауыт іске қосылды
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласында тәулігіне 80 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Көкжиек» ЖШС-і қайта іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тәуелсіздік күні облыс орталығындағы «Көкжиек - 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өңдейтін және толығымен автоматтандырылған цифрлы басқару жүйесі енгізілген зауыты іске қосылды. Кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, сондай-ақ облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев қатысты.
Айта кету керек, 2007 жылы құрылып, сүт өнімдерін өндірумен айналыса бастаған өндіріс орны ағымдағы жылы қайта кеңейтіліп, модернизацияланды. Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында Италиядан жеткізілген соңғы үлгідегі технологиялармен жарақтандырылды. Жобаның жалпы құны - 1,6 миллиард теңге. Зауыттың қуаттылығы - күніне 50 тонна сүт өнімін өндіруге жетеді. Ал қажетті шикізат Жуалы, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарынан және Түркістан облысынан жеткізіліп жатыр.
Кәсіпорын директоры Әбдіғали Бегімбетов бүгінгі таңда сүт бағытындағы 4 ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс жүргізіп жатқанын, алдағы уақытта кооперативтер санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отырғанын тілге тиек етті. Аталған зауыт өндірген өнім көлемі соңғы 5 жылда 186,2 миллион теңгеден 774, 3 миллион теңгеге дейін өсіп, тұрақты жұмысшылар саны 32-ден 47-ге артыпты.
Жаңа кәсіпорынның ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жұртшылықты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында атқарылған ілкімді істерге тоқталды.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру мақсатында алдымызға нақты міндеттер қойды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, сүт және ет өнімдерін тереңдете өңдеуге және өндіріс орындарын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Толықтай цифрландырылған «Көкжиек - 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауытының іске қосылуы осы сөзіміздің айғағы. Жалпы, облысымызда сүт өнімдерін өндіретін 18 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырыла бермек», - деді Мұратхан Жүнісәліұлы.