Таразда төрт үй пайдалануға берілмей қалуы мүмкін
ТАРАЗ. KAZINFORM – Биыл Жамбыл облысында 102 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері мемлекеттік бюджет есебінен 10 үй және инвесторлардың жеке қаражаты есебінен 14 тұрғын үй пайдалануға берілді. Енді құрылысы жүріп жатқан қалған 78 көппәтерлі тұрғын үйдің 56-сы мемлекеттік бюджет есебінен, 22-сі инвесторлар мен кәсіпкерлердің жеке қаражаты есебінен салынуда.
Жоспар бойынша 55 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы биыл аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Алайда 4 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай, пайдалануға берілмей қалу қаупі бар.
«Мысалы, Тараз қаласы Сүлейменов көшесі соңындағы тұрғын алқаптағы 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жұмыстары 15 пайыз ғана орындалып, тоқтап тұр. Осы үйді салып жатқан «ВИЛЕНА» ЖШС Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімімен жосықсыз деп танылып, келісімшарт біржақты бұзылды. Сондай-ақ «Тараз қаласы 15 мөлтек ауданында 2 көппәтерлі тұрғын үй құрылысын кешіктіргені үшін «ПМК-109» ЖШС-ін де айыппұл төлету және жосықсыз мердігер ретінде тану бойынша Тараз қалалық мамандандырылған әкімшілік сотына талап-арыз берілді. Және осы 15 мөлтек аудандағы тағы да бір көппәтерлі тұрғын үй құрылысын қолға алған «Ернұржанқұрылыс-2010» ЖШС-ін де жосықсыз ретінде тану туралы сотқа материалдар әзірленуде. Дәл қазір бұл үйдің құрылысының 70 пайызы ғана орындалған. Нысан басында құрылысшылар саны өте аз, өндірістік кестеден кешігуде», - дейді Жамбыл облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев.
Тағы бір айтары, осы көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына қатысты 6 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлығына 345 000 мен 1 932 000 теңге аралығында әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ кейбір техникалық қадағалаушының қолданыстағы аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды.