Таразда тұрғын үйлердің ауласын су басты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласының жекеменшік секторындағы тұрғын үйлердің ауласын су басты, деп хабарлайды Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат.

Таразда тұрғын үйлердің ауласын су басты

«22 қазан күні кешке Тараздағы Зербұлақ жасанды су қоймасының жағалауында құрылыс жұмыстары кезінде су жіберу салдарынан Ұлбике ақын көшесі, Крупская 1-ші тұйық көшесіндегі жекеменшік тұрғын үйлердің ауласын су басқан. Судың деңгейі 10-20 см болды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Осы аудан тұрғындарының хабарлауынша, су деңгейі бір метрдей көтеріліп, жертөле бөлмелері, ас ішетін бөлмелер, шаруашылық қоймаларды су басқан. Су басу туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде тарады.

«ТЖД күшімен (13 қызметкер мен 3 техника) суды сорғылау жұмыстары жүргізілді», - деп нақтылады Жамбыл облыстық ТЖД-нен.

Еске сала кетейік, қала күніне орай облыс орталығында «Үшбұлақ» арнасынан Зербұлақ көліне дейін жалғасатын алғашқы абаттандырылған жағалау ашу жұмысы жүріп жатыр.