Таразда ұлт өкілдерінің өнері сараланған фестиваль өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында (ТарМПИ) ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Көк тудың астында біргеміз» атты өнер фестивалі өтті.
Шараға оқу орнында білім алып жатқан түрлі ұлт өкілдері қатысты. Бұл туралы ҚазАқпарат ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Фестивальді өткізудегі басты мақсат - еліміз халқының ұлтаралық және конфессияаралық келісімін, өзара түсіністігі мен сыйластығын дәріптеу, достық пен бірлікті нығайту.
«Бірлік бар жерде - тірлік бар» дейді біздің халық. Әлбетте, мұны тегіннен-тегін айта салмаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашан да нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Біздің елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақта, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдылығы үшін ерекше бағалайды. Бастысы, өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен туыс болуды көздейді. Міне, бұл тұрғыда осы тақілеттес шаралардың маңызы өте зор екендігі даусыз», - деді ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова.
Фестивальға Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында білім алып жатқан 9 ұлт өкілі қатысты. Үш кезең бойынша сынға түскен олар жиналғандарды өз ұлтының мәдениетімен және салт-дәстүрімен таныстырып қана қоймай, халық әндерін де шырқады. Сондай-ақ, ұлттық тағамдарын әзірлеп, оларды дайындау тәсілдерімен бөлісті.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаз атанғандар институт ректорының Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.