Таразда «Ұлы Дала рухы» фестивалі өтіп жатыр

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында үш күндік «Ұлы Дала рухы» фестивалі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Таразда «Ұлы Дала рухы» фестивалі өтіп жатыр

Тараздағы Достық үйінде жергілікті және қазақстандық суретшілердің, фототілшілердің шығармашылық туындылары, аймақтық БАҚ стендтері жұртшылық назарына ұсынылды.

«Іс-шараның мақсаты - Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер аясында ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтардың, ата-бабадан қалған шығармашылық мұраның танымалдығын арттыру. «Ұлы Дала рухы» қатысушыларын қызықты бағдарлама күтіп тұр. Суретші-иллюстраторлардың, жергілікті БАҚ фототілшілерінің сурет және фото көрмесі қызықтырмай қоймайды. Сондай-ақ, концерттік бағдарлама ұйымдастырылған», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли.

Фестиваль аясында тараздықтар елордалық суретші Аңсаған Мұстафаның шығармашылығымен таныса алады. Сонымен қатар, «Алашұлы» танымал тобының әншілері концерт қояды.