Таразда «Ұлы даланың жеті қыры - ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» атты конференция өтті
Шараны ұйымдастырушы - Жамбыл облыстық ішкі саясат басқармасы мен Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті. Конференцияның басты мақсаты - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасының аясында іске асырылған пәрменді, бірге қол жеткізген жетістіктерді тізіп, ілгерілеу процесінің жүзеге асу бағытын көрсету. Өткені мен бүгінін, ертен туар күннің болмысын сипаттаған бұл бағыттың жалғасы ретінде таяуда «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала бұқара халыққа жол тартқаны белгілі.
«Тарихи сананы тереңдетіп, ұлттық мүддеге ұйыстыратын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыста ауқымды шаралар атқарылды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тізіміне аймақтан 8 нысан енсе, «100 жаңа есім» жобасына 8 адамның есімі енгізілді. «Республикалық патриоттар» форумында ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов «жыл патриоты» атағына ие болса, «Жомарт жүрек» сыйлығын облыстан 4 адам иеленді», - дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали.
Ал, Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты стратегиялық мақаласы барша болмыс-бітіміміз бен қадір-қасиетімізге нәр беріп, кемел келешегіміздің бағыт-бағдарын айқындап берді. Мұның бәрі - өткенін мақтан тұтып, өз-өзіне сенімді ұрпақ тәрбиелеуде бағдаршам болатын құндылықтар. Міне, бүгінгі аға буынның ұрпақ алдында адал атқаратын бастамалары да осы.
Жиында тарих тереңінде жатқан ұлттық ерекшелігіміз бен бабадан қанға дарыған өзгешелігімізді ұтымды қолданып, заманның талабына сай өзгерістерге бойды лезде үйрету, жарқын болашаққа бастар қадамды нық басуды насихаттайтын жоба талқыға салынды. Осы тұрғыда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы, Тараз инновациялық гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов және Тараз мемлекеттік университетінің проректоры Асқар Абдуалы өз ойларын ортаға салды.
Облыстың білім саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан тұлғалар жиылған қауым алдында ұйымдаса орындалған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Білім саласындағы өзгерістер мен ресми қабылданған шешімдердің ықпалы болашақта жүзеге асырылуы тиіс шаралардың сұлбасын аңғартты.
Ұлттық құндылықтарды бойымызға сіңіре отырып, алдағы күндерге нық сеніммен қадам басу - болашағымыздың жарқын болмағының басты кепілі. Жиында қозғалған негізгі ой осындай нақты түйінмен тұжырымдалды.