Таразда велосипедпен Астана тұрғынын қағып кетіп, ажал құштырған бойжеткенге жаза кесілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз қаласында велосипедімен балалы әйелді қағып кетіп, өлім құштырған 19 жастағы қала тұрғынына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметінен.
None
None

«Тараз қаласының № 2 соты жазда әйел адамды өлімшіге қағып кеткен 19 жастағы қала тұрғыны Көркем Рахметқұлға қатысты қылмыстық істі қарады. Осы жылдың маусым айында К. Рахметқұл құрбыларымен бірге велосипед жалға алып, «Достық» алаңында айдап жүрген. 20 минут айдағаннан кейін, Орталық стадионға қарай велосипедтерімен бармақшы болып өзара келіскен. Жолда К. Рахметқұл құрбыларынан озып кетіп, жаяу жүргіншілерге арналған жолағына велосипедін айдап шығып, балалы әйелді қағып кеткен, алған жарақатынан әйел адам есіне келмей қалалық ауруханада қайтыс болған», делінген хабарламада.

Сот үкімімен К. Рахметқұл Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 104 бабының 1 бөлігімен (абайсызда қазаға ұшырату) кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған және нақ сол мерзімге пробациялық бақылау белгіленген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, «ҚазАқпарат» ХАА жарияланған ақпараттан кейін Тараз қаласындағы колледж студенті, оқиғаға кінәлі бойжеткен өзінің әрекетінің салдарынан хабардар болған бетте полицияға келіп, өз айыбын мойындаған. Ал оқиға салдарынан қайтыс болған Астана тұрғыны , 32 жастағы Сандуғаш Тұяқбаеваның артында үш баласы қалды.

Соңғы жаңалықтар