Таразда заңсыз салынған нысандар бұзылуда
Солардың бірі - Желтоқсан және Қазыбек би көшелерінің қиылысында қызыл сызықтан өтіп, заңсыз сауда павильонын салған кәсіпкер.
«Бұл нысанда 20 шақты сауда нүктелері орналасқан. Қызыл сызық нормасын бұзған ғимараттың құрылысы бастапқыдағы нысаналы мақсатына сәйкес емес деп табылып отыр. Яғни, нысанды жеңіл құрылымдардан салу керек болатын. Ал, кәсіпкер жергілікті атқарушы органдарға ескертпестен ғимаратты ауыр монолиттік бетон құрылымынан тұрғызған» - дейді қала әкімі аппаратының бөлім басшысы Ержан Жолбай.
Айта кету керек, қаланың бас жоспарына сәйкес бой көтеретін құрылыс нысандары көшенің орта сызығынан 30 метр қашықтықта болуы тиіс. Ал бұл сауда орны бес метр жерде орналасқан. Заңсыз салынған нысан сол маңайдағы тұрғындардың жүріп- тұруына кедергі келтірген. Тұрғындардың арызы бойынша бұл мәселе сотта қаралып, құрылыс нормаларының сақталмағаны дәлелденген. Қазір атқарушы орган өкілдері сауда орнын бұзуда.