Таразда жалған құжаттармен ипотекалық несие алған алаяқ ұсталды
АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Жамбыл облысының Мерке ауданының соты жалған құжаттармен Қазкоммерцбанктен ипотекалық несие алған А. Шәріпов есімді азаматты 2 жыл бас бостандығынан айырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұнымен қатар оған 16 миллион теңге мөлшерінде келтірген материалдық шығынды төлетуге шешім қабылдаған. А.Шәріпов жалған құжаттар дайындап, жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатында 2007 жылдың қарашасында Қазкоммерцбанктің Жамбыл филиалынан заңсыз түрде ипотекалық несие алған.Құжаттардың жалған екенін Қазкоммерцбанктің қауіпсіздік қызметі анықтап, алынған ақпарат Жамбыл облысының ішкі істер департаментіне жіберілген. Тергеу жұмыстары жарты жылдай жүргізілген. Айыпталушының өз қылмысын мойындағанын, тұратын жерінен оң мінездеме алынғанын негізге ала отырып, сот жазаны жеңілдеткен.