Таразда жаңа телеарна ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы Тараз қаласында «Taraz24» коммерциялық телеарнасы көрерменге жол тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облысында «Taraz24» коммерциялық телеарнасы тұсауын кесті. Ақпараттық бағыттағы телеарнада осы салада талай жылдық тәжірибесі бар мамандар мен креативті жастар топтасты.

Телеарна тәулік бойы, яғни 24 сағат хабар таратады. Заманауи техникалармен жабдықталған жаңа арнаның кез келген жерден ақпаратты тікелей таратуға мүмкіндігі бар. Әлемдегі, республикадағы, облыстағы жаңалықтарды үздіксіз беретін болады. Бұл туралы «Taraz24» телеарнасы директорының орынбасары Данияр Әлімқұл айтып берді.

«Телеарна 30-ға жуық жобамен ашылып отыр. Олардың қатарында хабарлар мен аралық хабарлар бар. Ерекшелігі хронометражы ұзын-сонар емес, яғни көрерменнің алтын уақытын алмау мақсатында қысқа уақыт ішінде көрсетіледі. Басқарма басшыларымен ашық сұқбат алаңына айналатын «Кабинет», көрсетілген қызмет пен жасалған жұмыстың сапасын анықтайтын «Сапа», ата-ананың қадірін сезіндіріп, құрмет көрсететін «Мейірім мекені», қылмыстық оқиғалар мен өңірдегі төтенше жағдайларды тізбектейтін «Регион 08», спорт саңлақтарының жетістігін жария ететін «Спортмейкер» сынды ауқымды хабарлар көрерменге жол тартады»,-дейді Д.Әлімқұл.

Сонымен қатар, жаңа телеарна «Тәуелсіздік шежіресі», «TarazLike», «Ақыл-тегін», «Бүгіннен баста», «ТОП 5: ғалам ғажайыптары», «Бүгінгі лексикон», «Дәстүр мен ғұрып» сынды аралық хабарлар жамбылдықтардың назарына ұсынбақ. Телеарнаның ашылуы арқылы 20-дан аса адамды жұмыспен қамтылып отыр.


Соңғы жаңалықтар