Таразда жасөспірімдер қауіпсіздігіне арналған Aimap Kids жобасы іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда жоба қаладағы 79 мектепті қамтиды.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзудың алдын алу мақсатында Тараз қаласы прокуратурасының бастамасымен ақпараттық кеңістікті талдауға және ықтимал тәуекелдерді ерте анықтауға бағытталған жасанды интеллект технологияларына негізделген «Aimap Kids» жобасы іске асырылып жатыр.
Бүгінгі таңда жоба қаладағы 79 мектепті қамтиды.
Жобаның негізгі міндеті — деструктивті контенттің таралуын уақтылы анықтау, ықтимал тәуекел топтары мен жағымсыз үгіт-насихат көздерін айқындау, сондай-ақ атаулы профилактикалық шаралар қабылдау.
— Жүйе интернет кеңістігіндегі ашық деректерді суицидтік көріністер мен депрессиялық жағдайлар, лудомания, сексуалдық ауытқулар, зиянды заттарды қолдану және зорлық-зомбылық сияқты негізгі тәуекел бағыттары бойынша талдайды.
Алынған деректер негізінде деструктивті контенттің таралуының негізгі үрдістерін, оның көздерін және аталған контенттің ықпалына неғұрлым бейім пайдаланушылар санаттарын анықтауға мүмкіндік беретін талдамалық материалдар қалыптастырылады, — делінген Жамбыл облысының прокуратурасы хабарламасында.
Алынған нәтижелер профилактика субъектілері — прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан атаулы профилактикалық жұмысты ұйымдастыру үшін пайдаланылады.
Пилоттық жобаны 2026 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған. Жоба қорытындысы бойынша қабылданған профилактикалық шаралардың тиімділігі бағаланып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз ақпараттық ортаны қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық құралдарды одан әрі дамыту және ауқымын кеңейту мүмкіндіктері айқындалатын болады.
Айта кетелік Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлеріне киберқауіпсіздікті оқытуға міндеттеледі.