Таразда жемқорлыққа қарсы көшпелі сурет көрмесі ашылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени орталығының көркемсурет галереясында белгілі суретші, Қазақстанның суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі Сағи Ахтановтың «Жемқорлық індет – аластау міндет» атты плакат көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Көрменің ашылу салтанатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев сөз алып, қоғамдағы келеңсіздіктерді, жемқорлыққа апаратын қадамдарды сурет тілімен әшкерелеп жүрген Сағи Ахтановтың бүгінгі ғажайып көрмесі үшін алғысын білдіріп, іс-шараға сәттілік тіледі.

Жазушы, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы көпшіліктің ерекше көрмеге жиналып отырғанын айтып, осындай көрмелер көбірек өтсе деген тілегін білдірді. Сондай-ақ ол С.Ахтановтың шеберлігіне, жемқорлық сипатын насихаттаудағы тапқыр шешемідеріне тоқталып, суретшінің «Мөр бар, бас жоқ», «Алма піссе, аузыма түссе», «Несие» сурет-плакаттардың көрерменге қандай ой салатынын талдап айтып берді.

Көрме авторы Сағи Ахтанов жылжымалы көрмесін көрсету үшін Таразға арнайы келгенін айтады. Ол осылайша қоғамдағы ең өзекті мәселе жемқорлық тақырыбымен көпке ой салғысы келген. Сондықтан осындай мүмкіндік беріп отырған ұйымдастырушыларға айтар алғысы да шексіз.

Жиында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хатын суретшіге аталған басқарма басшысының орынбасары Лесбек Амалов тапсырып, құрмет көрсетті. Бұдан соң көпшілік үлкен залға қойылған плакат-көрмені тамашалады. Бұл жерге жүзден астам туынды қойылған. «Бас орнына жұдырық», «Жемқорлық тізбегі», «Кредит – қарыз қармағы», «Қазаннан қақпақ кетсе…», «Бюджет», «Ақшаң бар ма?» картиналары бар.

Айта кетейік, көшпелі сурет көрмесі бірнеше күн тараздықтар назарына ұсынылады. Одан кейін Түркістан облысына жол тартады.


Соңғы жаңалықтар