Таразда жер сілкінісінің салдары анықталуда

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласының тұрғындары Ауғанстанда болған жер сілкінісін сезінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

  Таразда жер сілкінісінің салдары анықталуда

Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, жоғары қабаттарда тұратын үйлерде люстралар қозғалып, жиһаздар орнынан жылжыған. Қаланың кейбір аудандарында жерасты дүмпуін көшедегі адамдар да сезінген.

«Жер сілкінісі сағат 13.10-да болды. Алматы сейсмология институтының ақпаратына сүйенсек, зілзала ошағы Ауғанстанда болған. Бізде дүмпулер 3  балға дейін жетті», - деді «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне телефон арқылы облыстық ТЖД басшысы Бағдат Данилов.

Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Талғат Сабыровтың айтуынша, қазір зілзаладан келген қандай да бір шығындардың бар-жоғы анықталуда. «Әзірге жер сілкінісінен зардап шеккендер мен бүлінген ғимараттар туралы ақпарат тіркелген жоқ», - деді ол.

ТЖД сонымен қатар Жамбыл облысы сейсмикалық қауіптілігі сегіз балған дейін жететін аумақта тұрғанын еске салып өтті. Сейсмоқауіпті аймақ облыстың барлық тарриториясының 22 пайызын алып жатыр. Ал мұнда халықтың 70 пайызы тұрып жатыр және негізгі көлік магистралдары мен өндіріс  орындарының 85 пайызы орналасқан.

Еске сала кетейік, Еуропалық  Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы сайтының мәліметінше Ауғанстандағы зілзала күші 6,1 балға жеткен.