Тараздағы жанармай құю бекетіне жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM – Тараз қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде метрологиялық талаптардың бұзылғаны анықталды.

Өзбекстанда жанармай мен газ өндірісі төмендеді
Фото: Freepik

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті азаматтың өтініші негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізген.

Тексеру барысында тұтынушыларға мұнай өнімдерін құю кезінде пайдаланылған жанармай құю бағанының қолданыстағы салыстырып тексеруден өтпегені және оның жарамдылығын растайтын сертификаты болмағаны белгілі болды.

«Мұнай өнімдерін өткізу кезінде қолданылатын өлшеу құралдары мемлекеттік метрологиялық бақылау нысандарына жатады және пайдалану кезеңінде міндетті түрде тексеруден өтуге тиіс. Тексеру барысында заңнама талаптарының сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді», – деп хабарлады ведомство.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпкер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 419-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Салынған айыппұл мөлшері 230 айлық есептік көрсеткішті құрады. Қысқартылған тәртіппен кәсіпкер 115 АЕК немесе 497 375 теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Сонымен қатар жанармай құю бекетінің қызметін өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына сәйкестендіру жөнінде нұсқама берілді.

Айта кетейік, Қызылордада табиғи монополия талабын бұзған ауруханадан айыппұл өндірілді.