Тараздағы балалар ауруханасының бас дәрігері жұмыстан қуылды

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері жұмыстан қуылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ZhambylNews-ке сілтеме жасап. 

Тараздағы балалар ауруханасының бас дәрігері жұмыстан қуылды

Бас дәрігердің жұмыстан кетуіне таяуда жүргізілген тексеру қорытындысы негіз болды. Егу бөлмелерінде еден сүрткіштер мен тазартқыш құралдар толып тұр. Жеделсаты да істен шыққан. Айтылған кемшіліктер аймақ басшысының тапсырмасымен аталған мекемеге ескертусіз барған жұмысшы топтың тексерісі кезінде анықталды.

Бұл мекеменің жұмысына жиі сын айтылады. Соған қарамастан кемшіліктің түзетілгені аз. Бактериялық себу және егу бөлмесі тазартқыш құрал-жабдықтарды қоятын орынға айналған. Алынған сынамалар науқас жататын палаталарда сол күйі ұмыт қалған. Дәрі құтылары құжаттарға арналған сөре маңында шашылып жатыр. Ал, тоңазытқыштағы көкөністердің пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Емдеу мекемесіндегі бейберекетсіздікті көзбен көрген облыс әкімінің орынбасары сала басшысына кемшіліктерді тез арада түзетуді тапсырды.

«Айтылған фактілердің бәрі анықталды. Осы фактілерге байланысты Денсаулық сақтау басқармасы атынан шешім қабылданды және Жамбыл облыстық инфекциялық аурулар ауруханасының бас дәрігері орнынан босатылды»,-дейді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Хамит Мырзақасымов.