Тараздағы лаңкестік оқиғада қолданылған гранатометтің иесі анықталды - ҚР ІІМ

Бұл туралы бүгін Астанада ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Бұл қару бұрын БАҚ беттерінде хабарланғанындай, көрші Қырғызстаннан сатып алынбаған. Ішкі істер министрлігі гранатометті сатқан адамның қай елдің азаматы екендігін, оның немен айналысатындығын тергеу амалдарының жүргізіліп жатқандығына байланысты әлі жария етілмейтіндігін айтуда.
«Мен қазір Тараздағы күдіктіге гранатометті сатқан адамның кім екендігі анықталғанын хабардар ете аламын. Бүгінгі күні оны іздестіру бойынша тиісті шаралар атқарылуда», - деп атап өтті Н. Ораз.
Естеріңізге сала кетейік, 12 қараша күні Таразда болған жиһад қозғалысының қолдаушысы жасаған қылмыстың нәтижесінде, жеті адам қаза тапқан, олар - екі азаматтық тұлға, бес құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Ал ішкі істер органдарының үш қызметкері жарақат алған.