Тараздық балалар танымал блогерге бейнебаян түсіріп, көлеңкелі театр қойылымын сахналады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тараз қаласында өнерлі балалардың қатысуымен көлеңкелі театрда қазақ мифологиясы жайлы қойылым сахналанып, бейнебаян түсірілді. Ал олардың бір апта бойы істеген жұмыстары«Кел, балалар, оқылық» жобасының аясында түсірілген деректі фильмге арқау болды.
Режиссер Қуаныш Бейсектің бастамасымен ұйымдастырылған бұл жобада тараздық жеткіншектер актерлік, режиссерлік, операторлық шеберлікті үйренді. Бір аптаға созылған шара нәтижесінде балалар көлеңкелі театр қойылымы мен танымал блогер Жеңіс Омаровтың әніне бейнебаян түсірді.
«Жоба аясында жазда бірінші шығарылымын жасадық. Алматы облысындағы Жалаңаш ауылында балаларға режиссерлік, актерлік, операторлық курстар өткіздік. Балалар шеберлік сағаттың қорытындысы ретінде танымал әнші Еңлікке бейнебаян түсірді. Сол жобамызды жалғастырып, бүгін біз Zheka-мен бірге«Кел, балалар, оқылық» күзгі шығарылымын жасадық. Онда біз биге икемі бар балаларды Тараздан іріктеп алып, олармен бірге көлеңкелі театр жасадық. Сондай-ақ жобадағы балалар жайлы деректі фильм түсірдік. Бұл фильм жас балалар туралы болғанымен, ересектерге де арналған деп ойлаймын. Себебі біз өсе келе балалық шақтағы арманымызды өрбітеміз. Балалар кедергіге жолықса, осы деректі фильмді көріп, күш жинайды деген үміттемін», - деді деректі фильмнің режиссері Қуаныш Бейсек.
Одан бөлек, фильм режиссері балалардың қатысуымен деректі фильм басқа қалалар мен ауылдарда да түсірілетінін айтты.

Ал жобаға қатысушы балалардың дені ұнататын ісі бойынша өзін сынап көріп, тәжірибе алғанын жеткізді. Сондай-ақ түсірілім барысында жаңа достарының көбейгенін айтады.
«Мен түсірілім барысында түйенің және шабандоздың рөлін сомдадым. Бұған дейін акробатикаға қатыстым. Сонымен қатар каратэ секциясына да барғанмын, бірақ көп ұзамай одан шығып кеттім. Себебі акробатикамен қатар алып жүру мүмкін болмады. Биыл жаңа жылда акробатикадан Алматыда өнер көрсетуім керек еді. Оның ішінде мені аспанға лақтырып қағып алатын сәт болды. Дайындық барысында акробатикалық қимылды дұрыс жасамай, нәтижесінде жаттықтырушылар мені сәтті қаға алмады. Салдарынан миым шайқалды. Дегенмен мойымай, өзімнің сүйікті ісіммен айналысуды тоқтатпадым. Осы жобада менің акробатикамен айналысқаным көмектесті. Жаттықтырушым Талғат ағай маған үлкен үміт артады. Мені үнемі қолдайды. Өскенде мықты акробат және актер боламын. Мен оған сенімдімін», - дейді 11 жасар жоба қатысушысы Әлихан.
Жоба ұйымдастырушыларының мақсаты – балалардың сүйікті ісімен кәсіби түрде айналысуына қолдау білдіру, оларды өз армандарына жетуіне жәрдемдесу. Сол сияқты балалардың жаңа дүниені үйренуге құштарлығын ояту.
«Балаларды көлеңкелі театр өнеріне баулуға қатысты маған ұсыныс келді. Басында ойландым, себебі бұл оңай шаруа емес, оның үстіне уақыт тығыз болды. Нәтижесінде жобаны қолға алдық. Балаларға жаңа дүниеге үйрету олардың дамуы үшін маңызды. Сонымен қатар көлеңкелі театр бізде әлі кеңінен танылып, дами қоймаған. Бұл өнердің жаңа түрі. Түсірілім барысында балаларға жаңа дүние үйренудің маңыздылығын айттым. Яғни ойына алған немесе ұнаған дүниемен айналысып, оны дамыта түскен жөн», - деді көлеңкелі театр курсының жетекшісі Ольга Мұртазина.
Оның айтуынша, балаларды іріктеуде қиындық туындаған.

«Іріктеу кезінде алдымен балалардың ынтасы мен қызығушылығына мән бердік. Балалармен жұмыс істеу, ұйымдастыру қиынға соққан жоқ. Балалармен тез табыстық, оларда қызығушылық болды. Қызықты жоба болды», - дейді ол.
Айта кетсек,«Кел, балалар, оқылық» жобасы Jusan Bank-тің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
«Бұл Қуаныш Бейсековпен бірге іске асырылып жатқан екінші жобамыз. Алғашқы жоба жазда Алматы облысының Жалаңаш ауылында ұйымдастырылды. Екінші жобаны қолға алу ол кезде ойымызда болмаған. Алайда алғашқы жобаның қоғамға тигізген пайдасын, оқушылардың ерекше қызығушылығы оянып, шығармашылыққа, өмір жолын таңдауға құлшынысы артқанын көргенде, бұл бізді одан әрі шабыттандыра түсті», - деді Jusan Bank маркетинг департаментінің директоры Дана Дүйсекова.
Банк өкілінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта аталған жобаны жылына екі рет түсіру жоспары бар.

«Бірінші жұмысымыз Jusan Bank-тегі бағдарламалаушыларды да қызықтыра түсіп, олар«Кел, балалар, оқылық IT» деп аталатын ұқсас жобаны жүзеге асырды. Ауылға барып, екі күн бойы бағдарламалаушы мамандығының қыр-сырын оқушыларға үйретті. Біздің басты мақсат - кішкентай қазақстандықтардың шығармашылық мамандықтарға қызығушылығын оятып, өзін жаңа бағытта байқап көрулеріне ынталандыру», - дейді банк өкілі.